Қазақстанда мас күйде жасалатын қылмыстар азайды: полиция 184 мың адамға қатысты шара қабылдады
Қазақстанда жыл басынан бері мас күйде жасалатын қылмыстардың саны 2,5%-ға төмендеген. Бұл туралы Үкімет отырысында «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыруға арналған ведомствоаралық комиссияның жиынында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде алкогольдік масаң күйде жасалған 6,9 мың қылмыс тіркелген. Сонымен қатар полиция қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, мас күйде жүрген азаматтардың әрекеттеріне қатысты шаралар қабылдаған.
«Қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, мас күйде жүрмек болған 184 мың адамның әрекетіне тосқауыл қойдық», – деді Ержан Сәденов.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан кәсіпкерлерге қатысты да шара қолданған. Нәтижесінде 4,5 мың кәсіпкер лицензиясынан айырылып, оларға жалпы сомасы 932,4 миллион теңге айыппұл салынған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтау, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу және мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.
USD