Қазақстандық ғалымдар Нобель сыйлығын иелене ала ма? Саясат Нұрбек пікір білдірді
Қазақстандық ғалымдардың болашақта Нобель сыйлығын алу мүмкіндігі бар ма? Бұл сұраққа Құрылтайда өткен брифинг барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді.
Министрдің айтуынша, ғылымдағы үлкен жетістіктерге жету үшін ұзақ уақыт, жүйелі жұмыс және қомақты инвестиция қажет. Сонымен қатар отандық ғалымдардың жаңалықтары мен зерттеу нәтижелері қоғамға жеткілікті деңгейде таныстырылмай келеді.
Саясат Нұрбек ғылыми жетістіктер туралы ақпарат көбіне жекелеген жаңалықтар түрінде таралатынын атап өтті. Осыған байланысты министрлік ғалымдардың еңбегін кеңінен таныстыру үшін арнайы брифингтер сериясын өткізуді жоспарлап отыр.
Министр Қазақстан ғалымдарының Нобель сыйлығын алуына сенетінін жеткізді. Алайда ол үшін ғылымға бөлінетін қаржыны арттырып, бұрынғы ғылыми мектептерді қайта жандандыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ әлемде, әсіресе Азия елдерінде ғылыми бәсекелестік күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Саясат Нұрбек жасанды интеллектіні ғылым мен білім беру саласына енгізуге де ерекше назар аударылып жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл бағытта озық технологияларды пайдалану отандық зерттеулердің дамуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген қаражатты тексеру нәтижесінде 51 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған болатын. Осыған байланысты министрлікке ғылымды қаржыландырудың басым бағыттарын айқындап, бюджет қаражатын экономика мен бизнестің нақты қажеттіліктеріне сай жобаларға шоғырландыру ұсынылды.
USD