Қазақстанда ғылым саласына арналған бірыңғай цифрлық портал іске қосылады
Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыру мен олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін «Қазақстан ғылымы» атты бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе ғылыми жобалардың барлық кезеңін цифрландыруға бағытталған. Платформа арқылы ғалымдар еліміздегі ғылыми жабдықтар туралы ақпарат алып, зерттеу нәтижелерімен және гранттық бағдарламалардың қорытындыларымен таныса алады.
Порталдың барлық мүмкіндіктері мен модульдерін таныстыру 2026 жылғы 30 қарашаға жоспарланған. Осы күні QAIRU жасанды интеллект зерттеу университетінде арнайы дөңгелек үстел өтеді.
Саясат Нұрбектің сөзінше, платформаның кейбір бөлімдері екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап Жасанды интеллект министрлігінің порталы негізінде ұлттық инновациялық жүйе де іске қосылған. Онда азаматтар жүзеге асырылып жатқан жобалар, бөлінген қаражат және сатып алынатын жабдықтар туралы ақпаратты көре алады.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеріп, 51 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған. Аудит қорытындысын Құрылтай отырысында палата төрағасы Әлихан Смайылов таныстырды.
USD