Алматыда «Алатау» метро станциясының жаяу жүргіншілер өткелін су басты
Алматы қаласындағы «Алатау» метро станциясының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басып, тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желілерде тарады.
Желі қолданушыларының жарияланымдарына метро әкімшілігі түсініктеме берді. Мекеме өкілдерінің мәліметінше, су басуға қалалық су бұру жүйесінің шамадан тыс толуы себеп болған. Салдарынан Абай даңғылынан төмен орналасқан жерасты өткеліне су жиналған.
Қазіргі уақытта метро қызметкерлері суды сорғызып, аумақты тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай жауапты мамандардың бақылауында.
Метрополитен баспасөз қызметі станцияның әдеттегі режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Су басу салдарынан жолаушылар қозғалысына ешқандай шектеу енгізілмеген.
USD