Астана әуежайында Мәскеуден келген ұшаққа бомба қойылғаны туралы жалған хабар түсті
10 қараша күні Астана әуежайында дабыл қағылды. Мәскеуден ұшып келген әуе кемесіне жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат түскен соң, тиісті қызметтер шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізді.
Оқиға орнына жедел қызмет мамандары мен кинологтар жұмылдырылды. Мамандар ұшақтың салоны мен жүк бөлімін мұқият қарап шыққан. Алайда тексеру нәтижесінде жарылғыш немесе басқа да тыйым салынған заттар анықталмады.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір жалған хабарлама жіберген адамның кім екені анықталып, оны ұстау бағытында іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Кінәлі тұлға ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
USD