Қызылордада 22 жастағы жергілікті тұрғын Шұғыла Сәбит бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот оның әкімшілік қамауға алынуына шешім шығарды.
Полицияның мәліметінше, қыз түнгі уақытта тыныштықты бұзған, тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындамаған және ұсақ бұзақылық жасаған. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны анықталған.
Сот шешіміне сәйкес, оған әкімшілік қамау жазасы қолданылып, қосымша айыппұлдар салынған және ресми ескерту берілген.
Полицияның хабарлауынша, қабылданған шаралардан кейін қыз әлеуметтік желілердегі тиісті жазбаларын өшірген.
Бұған дейін Шұғыла Сәбит әлеуметтік желіде өзін «күлгені үшін» жауапқа тартқанын айтып, жазба жариялаған болатын. Құқық қорғау органдары бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Полиция сондай-ақ оның бұл әрекетін билік өкілдеріне құрметсіздік таныту және жалған мәлімет тарату ретінде бағалаған.
USD