Тайландтың Пхукет қаласында дүниеге келген Аслан есімді шала туған сәби Қазақстанға ауыр жағдайда жеткізіліп, екі ай бойы дәрігерлердің бақылауында ем қабылдады. Қазір оның жағдайы тұрақталып, бала үйіне жіберілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, нәресте 1 ай 18 күндік кезінде санитариялық авиация арқылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Ол кезде сәбидің салмағы өте төмен болып, денсаулық жағдайы ауыр деп бағаланған.
Аслан бірден жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация және қарқынды терапия бөліміне орналастырылды. Тексеру барысында дәрігерлер ішектің жасырын перфорациясын анықтап, шұғыл хирургиялық операция жасаған. Мамандар күрделі жағдайға қарамастан қажетті медициналық көмекті көрсетіп, сәбидің өмірін сақтап қалды.
Одан кейін бала екі айдан астам уақыт бойы неонатологтар, реаниматологтар, балалар хирургтері және басқа да бейінді мамандардан құралған топтың тұрақты бақылауында болды.
Медициналық көмектің нәтижесінде сәбидің жағдайы біртіндеп жақсарған. Емдеу кезеңінде оның салмағы 1,2 келіге өсіп, қазір 2,5 келіге жеткен. Бүгінде Аслан өздігінен тыныс алып, табиғи жолмен тамақтана алады. Ішек жұмысы да қалпына келіп, баланың әрі қарайғы оңалтуы үй жағдайында жалғасатын болды.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Абай Құсайынов дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен уақытылы көрсетілген көмектің маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Оның айтуынша, медициналық эвакуацияны дұрыс ұйымдастыру, нақты диагноз қою және жедел операция жасау арқылы сәбидің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болған. Сондай-ақ отбасы қажетті медициналық көмекті мемлекет есебінен толық көлемде тегін алған.
USD