Тбилиси – Астана бағыты бойынша ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында электронды темекі қолданған шетелдік жолаушы рейстен шеттетілді. Оқиға 7 қыркүйекте Астана әуежайына қону кезінде тіркелген.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 38 жастағы шетел азаматы ұшу барысында ұшақтың дәретханасына кіріп, электронды темекі шеккен. Жолаушының әрекеті борттағы қауіпсіздік талаптары мен әуе кемесінде темекі өнімдерін пайдалануға қойылған тыйымды бұзу ретінде бағаланған.
Оқиғаға байланысты ұшақ командирі тиісті акт толтырған. Кейін жолаушыны көліктегі полиция қызметкерлері тексеріп, оған қатысты әкімшілік хаттама рәсімдеді.
Нәтижесінде шетелдік азаматқа 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ол рейстен түсірілді.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері әуе рейстерінен түрлі құқық бұзушылық жасаған 254 адам шеттетілген.
Олардың басым бөлігі — 193 жолаушы — алкоголь ішкені немесе қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін рейстен түсірілген. Тағы 40 адам ұшақ бортында темекі өнімдерін пайдалануға қатысты белгіленген талаптарды бұзған. Қалған жолаушылар өзге де құқық бұзушылықтарға байланысты рейстен шеттетілген.
Құзырлы орган әуе кемесінің ішінде темекі, электронды темекі, вейп және құрамында никотин бар басқа да өнімдерді пайдалануға қатаң тыйым салынғанын еске салды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, борттағы мұндай талаптарды елемеу тек әкімшілік жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, ұшу қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін.
USD