Солтүстік Қазақстан облысында ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Преснов және Соколов топтық су құбырларын жаңғыртуға 2,7 млрд теңге бөлінді.
Преснов топтық су құбырының реконструкциясы Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекеннің су жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ауылдарда шамамен 34,5 мың адам тұрады. Жоба аясында бүгінде 171 шақырым магистральдық және тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су құбыры тартылды. Сонымен қатар су қорын жинау, тарату және қысымды тұрақтандыруға арналған нысандарды салу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Соколов топтық су құбырын жаңарту жұмыстары Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Бұл елді мекендерде 4 мыңнан астам тұрғын бар. Жоба бойынша 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су жүйесін салу жоспарланған.
Екі су құбыры бойынша жұмыстарды толық аяқтап, нысандарды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына белгіленген. Жоба іске асқаннан кейін су жеткізу жүйесінің тұрақтылығы артып, тасымалдау кезіндегі шығындар азаяды және тұрғындарды ауыз сумен қамту сапасы жақсарады.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі ең ірі топтық су құбырлары желісі орналасқан. Оның жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Бұл жүйе 229 ауылдағы шамамен 175 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етеді.
2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан облыстағы су инфрақұрылымын дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 48 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жалпы, 2024-2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор есебінен Үкімет 610 млрд теңгеге жуық қаржы көлемінде 500-ден астам әлеуметтік жобаны қолдауды жоспарлаған. Оның ішінде 226,5 млрд теңге болатын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
USD