Алматыда телефон алаяқтарының құрбаны болған зейнеткер 53 жыл тұрған баспанасынан айырылды. Белгісіз адамдардың арбауына түскен әйел екі пәтерін сатып, түскен қаражатты алаяқтарға беріп қойған. Кейін мәмілелерді жарамсыз деп тануға тырысқанымен, сот оны пәтерді босатуға міндеттеді.
Светлана Суходольская көшіп шығатын күні үйіндегі соңғы заттарын жинап, ондаған жыл бойы тұрған пәтерімен қоштасты. Үйде тек әкесі 1972 жылы сатып алған қызыл ағаштан жасалған чех өндірісінің қабырғалық жиһазы ғана қалған.
Зейнеткердің айтуынша, бұл пәтерді оның әкесіне Ұлы Отан соғысының І топтағы мүгедегі ретінде мемлекет берген. Содан бері отбасы осы үйде өмір сүрген.
Оқиға 2025 жылдың көктемінде басталған. Әйелге өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, электрондық цифрлық қолтаңбасы бөтен адамдардың қолына түскенін айтып сендірген. Осылайша алаяқтар оны бірнеше кезеңнен тұратын қылмыстық схемаға тартқан.
Жәбірленушінің сөзінше, қаскөйлер оны әрқайсысын 25 миллион теңгеге бағаланған екі пәтерін сатуға көндірген. Мәмілелер аяқталғаннан кейін барлық ақшаны курьерлер арқылы алаяқтарға тапсырған.
Қазір аталған іс бойынша тергеу жалғасуда. Тергеу барысында ақшаны алып кеткен курьерлер анықталған. Олар Қырғызстан азаматтары болып шыққан. Сот оларды бес жарым жылға бас бостандығынан айырып, келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.
Соған қарамастан Светлана шығынның өтелетініне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, сотталғандардың қаржылық мүмкіндігі жоқ, ал Қазақстанда шетел азаматы ретінде табыс табуы да қиын.
Қазір зейнеткердің тұрақты баспанасы жоқ. Ұлы мен немересі Ресейде тұрады, ал таныстары оның жиһаздарын уақытша сақтауға көмектескен. Әйелдің қайда тұратыны әзірге белгісіз.
Мамандардың айтуынша, ол қаласа, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қажетті құжаттарды рәсімдеп, қарттар үйіне орналасуға өтініш бере алады.
Алайда Светлана мұндай шешімге келіспейтінін айтты. Ол өзін алдап кеткен қылмыстық схеманы ұйымдастырғандар әлі де табылып, әділдік орнайды деген үмітін үзбейді. Ал әзірге ол 53 жыл өмір сүрген пәтерінің есігін соңғы рет жауып, туған үйімен қош айтысты.
USD