Ақмола облысында 200 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді
Ақмола облысының Ерейментау ауданында болған табиғи өрт толықтай жойылды. Тілсіз жау Қойтас ауылдық округіндегі Жарсор көлі маңынан шығып, шамамен 200 гектар аумақты қамтыған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт құрғақ шөптің тұтануынан пайда болған. Қызыл жалынды ауыздықтауға төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен қатар Өлеңті ауылының авариялық жасағы, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы қызметкерлері қатысты.
Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, соңғы күндері Ақмола облысының бірқатар аудандарында құрғақ шөптің жануына байланысты өрт оқиғалары тіркелген. Атап айтқанда, Целиноград, Зеренді, Бурабай, Қорғалжын, Ерейментау, Астрахан және Біржан сал аудандарында болған өрттер нәтижесінде жалпы 62 гектар аумақ сөндірілген.
USD