АҚШ-та өкпе обырын ерте анықтау технологиясын әзірлеген қазақ ғалымы өмірден өтті
Белгілі физик, медициналық технологиялар саласының маманы Манат Мәуленбайұлы АҚШ-тың Калифорния штатында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды Qazaq International Science and Technology Association (QIST) қауымдастығы жариялады.
Манат Мәуленбайұлы ғылыми қызметімен қатар медициналық технологияларды дамытуға да елеулі үлес қосқан. 2025 жылы ол өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға бағытталған AIxSCAN, Inc. стартапын құрды.
QIST өкілдері ғалымның қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, достары және әріптестеріне көңіл айтты. Қауымдастық оның халықаралық ғылымның дамуына қосқан үлесі мен артында қалған ғылыми мұрасын ерекше атап өтті.
«Қаралы хабар Qazaq International Science and Technology Association қауымдастығы мүшелерінің қабырғасын қайыстырды. Манат Мәуленбайұлы халықаралық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалым. Оның еңбегі мен артында қалдырған мұрасы мамандарға бағыт-беретініне сенеміз», – делінген ұйымның хабарламасында.
Манат Мәуленбайұлы – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай өңірінде дүниеге келген этникалық қазақ. Физика факультетін тәмамдағаннан кейін ғылыми еңбек жолын Қытайдағы Ғылым академиясында бастаған.
Кейін ол Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Сэмюэл Тингтің зерттеу тобына қосылып, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) қызмет атқарды. Сондай-ақ Швейцариядағы Цюрих жоғары техникалық мектебінде жұмыс істеген.
Ғалым кванттық электродинамика және атом физикасы бағыттары бойынша зерттеулер жүргізіп, Швейцарияда PhD дәрежесін алған.
1995 жылы АҚШ-қа қоныс аударған Манат Мәуленбайұлы кейіннен ғылыми ізденістерін медициналық физика мен онкология саласына бағыттады. Оның өкпе обырын ерте анықтауға арналған технологияны дамытуға қосқан үлесі де осы бағыттағы маңызды жұмыстарының бірі болды.
Марқұмның жарқын бейнесі мен ғылым жолындағы еңбегі оны таныған әріптестері мен ғылыми қауымдастық жадында сақталмақ.
USD