Астанада әйел туысын түрмеден шығарамын деген алаяққа 40 млн теңгеге жуық ақша берген
Астанада сотталған туысын бостандыққа шығаруға көмектесемін деген ер адам әйелді алдап, одан ірі көлемде ақша алған. Жәбірленуші оған жалпы сомасы 27 миллион теңге мен 30 мың АҚШ долларын берген. Кейін ер адамның уәдесі орындалмаған соң, алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам танысының қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын біліп, оның туысына істің оң шешілуіне ықпал ете алатынын айтқан. Осылайша әйелдің сеніміне кіріп, ақша талап еткен.
Оқиға 2023 жылдың қаңтарында басталған. Ортақ таныстары арқылы кездескен кезде ер адам қылмыстық істі шешіп беретін адамдары бар екенін айтып, қызметі үшін 27 миллион теңге сұраған. Әйел оның сөзіне сеніп, 20 қаңтарда ақшаны делдалдар арқылы жеткізген.
Алайда уәде етілген көмек көрсетілмеді. Керісінше, жәбірленушінің туысы 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Соған қарамастан ер адам әйелді тағы да алдаған. Бұл жолы ол апелляциялық сот арқылы мәселені шешуге болатынын айтып, қосымша 30 мың АҚШ долларын талап еткен. 2023 жылдың қыркүйегінде әйел аталған соманы да берген.
Осылайша алаяқ 27 миллион теңге мен 30 мың долларды иемденген. Бірақ сотталған туысын босатуға қатысты ешқандай әрекет жасамаған.
Алданғанын түсінген әйел құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Кейін ер адам жәбірленушіге 39 миллион теңге көлеміндегі қаражатты қайтарған.
Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
USD