Астанада жолаушы қызға әдепсіз әрекет жасап, интимдік сипаттағы ұсыныс айтқан inDrive такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Астана соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 11 қазан күні таңғы сағат 07:00 шамасында болған. Бойжеткен inDrive қосымшасы арқылы такси шақырған. Алайда көлікке отырғаннан кейін жүргізуші оған әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы ұсыныс білдірген.
Сот өкілдерінің хабарлауынша, мұндай әрекетімен жүргізуші қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сот 13 қазанда қарады. Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін мойындаған. Сонымен қатар оның бұған дейін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны ескерілген.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот жүргізушіні 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
USD