Астаналық оқушының әдебиет пен шығармашылыққа деген қызығушылығы ерекше нәтиже беріп отыр. №101 жалпы білім беретін мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы Рамазан Орал оқуымен қатар, поэзия мен журналистика саласында да белсенділік танытып жүр.
Бүгінде жасөспірім 100 көркем шығарма оқып, 200 өлеңді жатқа біледі. Сонымен қатар өзінің қаламынан туған 100 поэтикалық туындысы бар. Рамазан қазақтың батырлық жыры «Қобыланды батырды» да толық жатқа біледі. Ол шығармаларын арнайы жеке дәптеріне жазып жүреді.
Оқушы осы уақытқа дейін түрлі шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, «Ілиясов оқуларының» қалалық кезеңінде Гран-при алып, республикалық кезеңінде үшінші орынға ие болған. Сондай-ақ «Махамбет оқуларында» бірінші орын, Мұқағали Мақатаев атындағы жас ақындар айтысында және Абайдың 45 қара сөзін білуге арналған байқауда екінші орын алған.
Рамазанның қызығушылығы тек поэзиямен шектелмейді. Ол медиасалаға да қадам басып, отбасындағы журналистика дәстүрін жалғастырып келеді. Әкесі мен анасы да журналистика саласында еңбек етеді.
Жас дарын «Жас журналист – 2026» байқауына қатысып, «Айбала» медиафестивалінде «Подкаст» номинациясы бойынша екінші орын алған.
Болашақта Рамазан актерлік өнерді кәсіби тұрғыда меңгеріп, халықаралық кино саласында Қазақстанның атынан өнер көрсетуді армандайды.
USD