Азиада-2026: Қазақстан құрамасы сегізінші жарыс күнін бес медальмен аяқтады
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнін нәтижелі өткізді. 27 қыркүйектегі бәсекелер қорытындысында қазақстандық спортшылар бір алтын, екі күміс және екі қола жүлдеге ие болды.
Қазақстанға күннің басты алтынын семсерлесушілер сыйлады. Ерлер арасындағы командалық жарыстың финалында Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимовтан құралған команда Оңтүстік Корея спортшыларымен кездесіп, 43:42 есебімен басым түсті.
Жеңіл атлетикадан Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде күміс медальға қол жеткізді. Ол қашықтықты 9 минут 06,82 секундта бағындырды. Бұл сайыста Бахрейн атынан сынға түскен Винфред Яви жеңімпаз атанса, Үндістан өкілі Парул Чаудхари үшінші орын алды.
Қазақстан құрамасының екінші күміс жүлдесін ауыр атлет Аянат Жұмағали иеленді. 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен спортшы жұлқа көтеруде 109 келі, серпе көтеруде 137 келі нәтижесін тіркеді. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша 246 келі жинаған қазақстандық екінші орынға тұрақтады.
Батут гимнастикасында Ерлан Тасмағамбетов ел қоржынына қола медаль қосты. Суперфиналда ол 54,69 ұпай жинап, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Көркем жүзуден де Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізді. Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова жұптық сында техникалық және еркін бағдарламалардың нәтижесі бойынша 565,7326 ұпай жинап, қола медальға ие болды.
Батут гимнастикасынан әйелдер арасындағы жарыста Виктория Бутолина да жоғары нәтиже көрсетті. Ол суперфиналға дейін жетіп, 52,15 ұпаймен төртінші орын алды.
Бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда ол Қырғызстан өкілі Мырзакир Қошалиевтен басым түсіп, Қазақстан құрамасына кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Су добынан Қазақстан ерлер командасы да алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жапониядан жеңілгеннен кейін қазақстандықтар Гонконг құрамасын 29:15 есебімен ұтты.
Спорттық жүрістен марафондық қашықтықта Ясмина Токсанбаева мәреге бірінші болып жеткенімен, оның нәтижесіне қатысты мәселе туындады. Атап айтқанда, қазақстандық спортшының жарыс кезінде пайдаланған аяқ киімінің World Athletics талаптарына сәйкестігіне байланысты наразылық білдірілген. Қазіргі уақытта жағдайды Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қарап жатыр. Сондықтан Токсанбаеваның нәтижесі әзірге Қазақстанның жалпы медаль қоржынына енгізілген жоқ.
27 қыркүйектегі жарыстардан кейін Қазақстан құрамасының есепшотында 40 медаль бар. Оның ішінде 9 алтын, 10 күміс және 21 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында келеді.
Осыдан бір күн бұрын, жеті жарыс күнінің қорытындысында, ұлттық құраманың еншісінде 35 медаль болған еді. Сегізінші күннің нәтижесінде Қазақстан қоржыны тағы бес жүлдемен толықты.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияда 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады. Құрлықтық додаға Қазақстан атынан спорттың 35 түрінен 558 спортшы қатысып жатыр.
USD