Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін жаттығуға бастапқыда 19 әскери қызметшінің аттанғаны хабарланған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі теңізге 17 сарбаздың шыққанын мәлімдеді.
Осыдан кейін оқу-жаттығуға барған екі сарбаздың туыстары әлеуметтік желіде олардың тағдырына қатысты алаңдаушылық білдіріп, ақпараттың нақтылануын сұраған жазбалар жариялады.
Бүгін Қорғаныс министрлігі матрос Ахметов пен Мағауияға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, аталған екі әскери қызметші Каспийдегі оқу-жаттығуға қатысқанымен, теңізге шықпаған.
Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда қалып, белгіленген оқу міндеттерін орындаған. Ахметов пен Мағауия да осы топтың құрамында болған.
Қазіргі уақытта екі әскери қызметші әскери бөлімнің орналасқан жерінде. Олар белгіленген күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін жалғастырып жатыр.
Осылайша, Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, екі сарбаздың аман екенін және олардың оқу-жаттығу кезінде теңізге шықпағанын растады.
USD