Петропавлда бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін ұзақ мерзімге сотталған Валерий Кричиневский бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан қылмыстық іске қатысты. Сот оны әйелге қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасауға оқталғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Кричиневскийдің есімі Солтүстік Қазақстанда 1990-жылдардың соңындағы бірқатар ауыр қылмыстарға байланысты кеңінен белгілі болған. 1998 жылғы 19 желтоқсанда Петропавл маңындағы орманнан бірінші сынып оқушысының мәйіті табылған. Тергеу барысында баланың 13 рет пышақ жарақатын алғаны анықталған.
Кейін қылмысқа қатысы бар Валерий Кричиневский ұсталған. Ол бұған дейін әйелдерге шабуыл жасап, оларды тонау және зорлау фактілері бойынша да сотталған. Осы қылмыстарына байланысты қала тұрғындары оған «балталы маньяк» деген лақап ат берген.
1999 жылы сот Кричиневскийді әйелдерге қатысты қылмыстар, тонау және баланы өлтіру ісі бойынша кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырған. Ол жазасын өтеп, 2024 жылы түрмеден босап шыққан.
Алайда араға екі жыл салып, ер адам қайтадан қылмыстық іске ілікті. Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 19 маусымда болған. Кричиневский орманды жерде велосипедпен келе жатқан әйелді тоқтатып, оның мойнынан ұстап, күш қолданған. Ер адам жәбірленушіні өлтіремін деп қорқытып, орманға қарай жүруге мәжбүрлемек болған.
Оқиға кезінде оларды басқа азамат байқап қалған. Бөгде адамның жақындағанын көрген күдікті әйелді босатып жіберген. Жәбірленуші жолға шығып, өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, полиция шақырған.
Көп ұзамай Кричиневский ұсталды. Іс Петропавл қалалық сотында қаралды. Оған адам өлтіру қаупімен ұштасқан жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасауға оқталды деген айып тағылды.
Сот барысында прокурор сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда Кричиневский өз кінәсін мойындамаған. Оның қорғаушысы да ер адамның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы байқалмайтынын айтып, ақтау үкімін шығаруды өтінді.
Сот бұрынғы соттылығын және жаңа қылмыс жасағанын ескере отырып, Кричиневскийді 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сот шешіміне сәйкес, ер адам тірі болған жағдайда жазасын өтеп, 71 жасында ғана бостандыққа шығуы мүмкін.
USD