Қазақстанда астық тасымалы артты: Ауғанстанға жөнелтілім 4,4 есе көбейген
Қазақстанда жыл басынан бері теміржол арқылы астық тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Сегіз айдың қорытындысы бойынша теміржолмен 9,3 млн тонна астық жеткізілген.
Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, тасымал көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Оның ішінде 7,2 млн тонна астық экспортқа жөнелтілсе, тағы 2,1 млн тонна ел ішіндегі бағыттарға тиесілі.
Экспорттық тасымалда негізгі бағыттардың бірқатарында өсім байқалады. Орталық Азия мемлекеттеріне астық жөнелту 37 пайызға, Қытайға жеткізу 34 пайызға артқан. Сонымен қатар Ресей порттары арқылы тасымал көлемі 9 пайызға өскен.
Ауғанстанға бағытталған астық экспортының өсімі ерекше байқалады. Бұл елге теміржол арқылы жеткізілген астық көлемі 4,4 есеге көбейіп, 655 мың тоннаға жеткен.
Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау да артқан. Атап айтқанда, қоспа жем жөнелту көлемі 38 пайызға өсіп, 2,6 млн тоннаны құрады.
Көлік министрлігі жаңа өнімді тасымалдау үшін вагондар мен локомотивтердің жеткілікті екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 16,9 мың астық тасымалдайтын вагон, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар.
Сонымен бірге негізгі экспорттық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігі кеңейтілген. Қытай бағыты бойынша тәулігіне 75 пойызға дейін, Өзбекстан бағытында 60 пойызға дейін өткізу мүмкіндігі бар. Ал Ресеймен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тәулігіне 100 пойыз өткізуге жағдай жасалған.
Ведомство мәліметінше, бұл көрсеткіштер астық экспортының көлемін әрі қарай арттыруға мүмкіндік береді. Тасымал барысын бақылау үшін Көлік министрлігінде жедел штаб жұмыс істеп тұр.
USD