Қазақстан мен Оман арасында екі жаңа әуе бағыты ашылады
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Оманға қатынайтын жаңа рейстерді іске қосады. 2026 жылдың қазан айының соңынан бастап Алматы мен Астанадан Салала қаласына аптасына бір рет тікелей ұшуға болады.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, Алматы – Салала бағыты бойынша алғашқы рейс 23 қазанда орындалады. Бұл бағыттағы ұшақтар әр жұма сайын қатынайды.
Ал Астана – Салала бағыты бойынша рейстер 24 қазаннан басталады. Ұшақтар сенбі күндері ұшады. Екі бағытқа да Airbus A320 әуе кемелері пайдаланылады.
Министрлік қазіргі уақытта Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасы Алматы – Маскат бағыты бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл рейстерді Salam Air әуе компаниясы орындайды.
Жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, іскерлік ынтымақтастық пен туризмнің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
USD