Қазақстанда бес жылда газдан уланған 294 адам қайтыс болған: депутат қауіпсіздік талаптарын күшейтуді ұсынды
Қазақстанда табиғи газды пайдалану кезінде болған жазатайым оқиғалар адам өліміне себеп болып отыр. Осыған байланысты Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Беғалы Ералиев көпқабатты үйлердегі газ жабдықтарының қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Ол вице-премьер Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, газ жүйелерін тексеру мен техникалық қызмет көрсету тәртібін жетілдіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, жылыту маусымы басталған кезде тұрғындардың газдан улану қаупі арта түседі. Әсіресе ескі көпқабатты үйлердегі газ құрылғыларының, желдету және түтін шығару арналарының техникалық жағдайы алаңдаушылық туғызады.
QazaqGaz ұсынған деректерге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде табиғи газды пайдалану салдарынан 1337 адам зардап шеккен. Оның 294-і қайтыс болған.
Беғалы Ералиев көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Оның пікірінше, бір пәтердегі газ жабдығының істен шығуы немесе дұрыс пайдаланылмауы бүкіл үй тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін.
Сонымен қатар депутат газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету саласында да жүйелі кемшіліктер бар екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір қызмет көрсетуші ұйымдар тексеруді нақты жүргізудің орнына құжат жүзінде рәсімдеумен шектеледі. Ал тұрғындардан бұл қызмет үшін ақы алынады.
Тағы бір мәселе – кейбір азаматтардың мамандарды үйіне кіргізбеуі, техникалық қызмет көрсетуге келісімшарт жасасудан немесе ақысын төлеуден бас тартуы. Анықталған ақауларды уақытында жөндемеу де қауіптің күшеюіне әсер етеді.
«Ең бастысы – тексерудің қағаз жүзінде жүргізілуі емес, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ету», – деп атап өтті депутат.
Осы мәселелерді шешу мақсатында «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке үш негізгі ұсыныс жолдады.
Бірінші, газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысына кешенді талдау жүргізу қажет. Сонымен бірге тұрғындардан алынатын төлемдердің негізділігін тексеріп, орындалған жұмыстардың шынайылығын растайтын бақылау тетіктерін енгізу ұсынылды.
Екінші, газ жабдықтарындағы қауіпті ақауларды жоюға, сондай-ақ түтін шығару және желдету жүйелерін уақытылы тексеріп, тазалауға қойылатын талаптарды күшейту қажет. Бұған қоса, қауіпсіздікке жауапты тараптардың міндеттерін нақтылап, талаптарды орындамаған абоненттерге қолданылатын жауапкершілік шараларының тиімділігін қарастыру ұсынылды.
Үшінші, газ жабдықтарына көрсетілген техникалық қызмет пен жүргізілген тексерулерді тіркейтін бірыңғай цифрлық жүйе құру мәселесі көтерілді. Онда орындалған жұмыстар, анықталған ақаулар, оларды жою мерзімдері және жауапты мамандар туралы мәліметтер жинақталуы тиіс.
Депутаттың пікірінше, ұсынылған шаралар газ жабдықтарын бақылауды күшейтіп, тексеру жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғындардың өміріне төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.
USD