Қазақстанда үй жануарларын қараусыз қалдыруға қатысты талаптар күшейтілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2026 жылғы 6 тамыздағы бұйрығымен үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізді.
Жаңа талаптарға сәйкес, иесі қандай да бір себеппен жануарды бұдан былай ұстай алмайтын болса, оны жай ғана көшеге тастап кете алмайды. Мұндай жағдайда жануарды қауіпсіз жерге орналастыру шараларын қабылдау қажет.
Атап айтқанда, үй жануарын баспанаға, уақытша ұстау пунктіне немесе оған тиісті күтім жасай алатын жеке не заңды тұлғаға беруге болады.
Егер жануар уақытша ұстау пунктіне тапсырылса, оның иесі жануардың одан арғы құқықтық тағдыры анықталғанға дейін оны асырауға байланысты шығындарды өтеу міндетін өз мойнына алады.
Сондай-ақ жануардан бас тарту иесін жауапкершіліктен бірден босатпайды. Бұл міндеттер жануарға басқа адам меншік құқығын алғанға дейін, ол баспанаға берілгенге дейін немесе уақытша ұстау пунктінде оның құқықтық мәртебесі шешілгенге дейін сақталады.
Министрліктің бұйрығы 24 тамыздан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап жаңа талаптар үй жануарларының иелері үшін міндетті болады.
USD