Степногорскіде тұрғын үй алуға көмектесуге уәде беріп, азаматтардан ірі көлемде ақша жинаған әйел сотталды. Оның әрекетінен 20 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын 45 млн теңгеден асқан.
Сот материалдарына сәйкес, әйел 2023-2024 жылдары азаматтарға тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесе алатынын айтып, олардың сеніміне кірген. Алайда шын мәнінде оның бұл міндеттемелерді орындауға ниеті де, нақты мүмкіндігі де болмаған.
Соған қарамастан, ол тұрғын үй мәселесін шешіп беруге уәде етіп, жәбірленушілерден ақша алған. Кейін түскен қаражатты баспана сатып алуға емес, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Тергеу нәтижесінде оның әрекетінен 20 азамат зардап шеккені анықталды. Оларға келтірілген жалпы материалдық залал көлемі 45 млн теңгеден асты.
Сот отырысында әйелдің кінәсі дәлелденді. Степногорск қаласының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды тұрғын үй сатып алуға немесе басқа да ірі мәмілелерге қатысты ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Ақша бермес бұрын қызмет көрсететін адамның өкілеттігін, ұсыныстың заңдылығын және тиісті құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеру қажет.
Әсіресе ресми құжаттары немесе заңды кепілдіктері жоқ адамдардың тұрғын үй мәселесін тиімді шарттармен шешіп беруге қатысты уәделеріне сенбеу ұсынылады. Мұндай ұсыныстар алаяқтық әрекеттің белгісі болуы мүмкін.
USD