Ресейдің Иркутск облысында оба тарады деген ақпаратқа қатысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Ведомство елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда аса қауіпті инфекцияның таралуына байланысты қажетті профилактикалық шаралар қабылданып жатыр. Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген.
Қазіргі уақытта көлік түрлерінің барлығында дене қызуы көтерілген немесе инфекциялық ауру белгілері байқалған, сондай-ақ аса қауіпті инфекцияға күдік тудыратын жолаушылар тіркелмеген. Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну қаупі төмен деңгейде.
Ведомство жағдайдың әрі қарайғы бағасы Ресей тарапынан келіп түсетін ресми ақпаратқа қарай нақтыланатынын атап өтті.
Министрлік Ресейге барып келген азаматтарға денсаулығында күмәнді белгілер пайда болған жағдайда, уақыт өткізбей дәрігерге қаралуға кеңес берді. Медициналық мамандарға сапар кезінде болған елді мекендер мен барған күндері туралы ақпаратты айту қажет.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі расталмаған мәліметтерге емес, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.
Иркутск облысындағы жағдай қандай?
Министрлік қазіргі таңда Ресей мамандарының эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Оба диагнозы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Мамандар инфекцияның ықтимал көзі мен ауруға қатысты басқа да мән-жайларды анықтап жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, медициналық бақылауға 197 байланыста болған адам алынған. Қазіргі уақытта олардың ешқайсысынан ауру белгілері байқалмаған, зертханалық талдаулар да теріс нәтиже көрсеткен.
Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі келтірген ақпаратқа сәйкес, 4 қазанда Ресейдің Роспотребнадзор қызметі Иркутск облысында, соның ішінде Иркутск қаласы мен Шелехов аумағында санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін мәлімдеген. Ведомство бұл өңірлерде оба ауруының расталған жағдайлары тіркелмегенін хабарлаған.
Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі әзірге этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде көрсетіліп отыр.
Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды дүрбелеңге салынбай, жағдайға қатысты ресми хабарламаларды бақылауға шақырды.
USD