Өскеменде заңсыз алтын өндірген екі бұрынғы шенеунік төрт жылға сотталды
Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қалалық филиалы директорының бұрынғы орынбасарлары А. Рахымжанов пен Д. Нұртазин заңсыз алтын өндіру ісі бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотталғандар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтын өндіру жұмыстарын заңсыз ұйымдастырған. Бұл үшін өздеріне бағынысты «EastGoldStone» компаниясының мүмкіндіктерін пайдаланған. Кәсіпорынның тиісті учаскеде қатты пайдалы қазбаларды барлау лицензиясы болғанымен, алтын өндіруге рұқсаты болмаған.
Заңсыз жұмыстарға бірнеше арнайы техника тартылған. Олардың қатарында экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және алтын құрамды материалды жууға арналған жабдықтар болған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, заңсыз жолмен өндірілген алтынның жалпы көлемі 15 келіден асқан. Оның нарықтағы құны 844 млн теңгеден жоғары бағаланған.
Қылмыстық істі тергеу кезінде құны шамамен 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленген.
Заңсыз өндіріс қоршаған ортаға да айтарлықтай зиян келтірген. Агенттік мәліметінше, жалпы 18,2 гектар жер бүлінген. Бұдан бөлек, мемлекеттік орман қорына тиесілі ағаштар мен бұталар жойылып, зақымданған. Табиғатқа келтірілген залалды қалпына келтіруге қажетті жұмыстардың алдын ала құны 300 млн теңгеден асқан.
Сот үкімімен жалпы құны 372 млн теңге болатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Тәркіленген мүлік қатарында төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш және гидрожуу қондырғысы бар.
Сонымен бірге 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша да тәркіленген.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
USD