Көкшетауда мектеп маңында қозғалып келе жатқан көліктен бала құлап кетті
Көкшетауда мектептердің бірінің жанында балаға қауіп төнген жағдай тіркелді. Оқиға кезінде оқушы қозғалыстағы көліктің есігін ашып, сыртқа құлап кеткен.
Ақмола облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жағдай 5 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында болған. Subaru Forester көлігінің жүргізушісі баланы мектепке жеткізген. Алайда баланы белгіленбеген жерде түсіруге әрекет жасаған кезде көлік әлі қозғалыста болған. Сол сәтте бала есікті ашып, көліктен құлап қалған.
Тексеру барысында полицейлер баланың жас ерекшелігіне сай арнайы балаларға арналған қауіпсіздік құрылғысынсыз тасымалданғанын анықтады. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігіне арналған арнайы адаптер де қолданылмаған.
Оқиғадан кейін көлік жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны және көлікті тоқтату ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар жүргізушімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Полиция ата-аналар мен жүргізушілерге балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды. Кәмелетке толмаған жолаушыларды жасына сәйкес арнайы ұстау құрылғылары арқылы тасымалдау, қауіпсіздік белдігін тағу және баланы көліктен тек рұқсат етілген әрі қауіпсіз жерде түсіру қажет.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерінде белгіленген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен мотоцикл шлемдерін пайдалану тәртібін бұзудың 27 мыңнан астам фактісі анықталған.
Ведомство балаларды көлікте қауіпсіз тасымалдау ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін еске салды.
USD