Қазақстанда келесі жылы «қызыл аймақтағы» ЖЭО қалмауы мүмкін
Қазақстан билігі 2027 жылға қарай еліміздегі барлық жылу электр орталықтарын техникалық жағдайы бойынша «қызыл аймақтан» шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бес қаладағы ЖЭО әлі де осы санатта тұр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары жылу электр орталықтарының техникалық жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. 2023 жылы «қызыл аймақта» 19 станция болса, қазір олардың саны бесеуге дейін қысқарған.
Атап айтқанда, техникалық жағдайы бойынша тәуекелді санатта Теміртау, Тараз, Семей, Орал және Ақтау қалаларындағы жылу электр орталықтары қалып отыр.
Ақкенженовтің сөзінше, станциялардың жағдайын жақсарту және олардың жұмысын бақылау Энергетика министрлігі мен Энергетикалық қадағалау комитетінің бақылауында.
Министр алдағы жылға арналған негізгі мақсаттың бірі – қалған бес ЖЭО-ны да «қызыл аймақтан» шығару екенін атап өтті.
«Жалпы, келесі жылы Қазақстандағы жылу электр орталықтарын «қызыл аймақтан» толықтай шығарамыз деген жоспар бар», – деді Ерлан Ақкенженов.
USD