Астанада пәтерді жалға беремін деп 13 адамды алдаған әйел 7 жылға сотталды
Астанада тұрғындарға пәтер жалға беруге уәде етіп, алдын ала төлем мен депозит арқылы ақша жинаған 37 жастағы әйел сотталды. Ол алаяқтық әрекетімен 13 адамға жалпы 2,1 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Бұл туралы прокуратураға сілтеме жасаған Azattyq Rýhy хабарлады.
Тергеу барысында әйелдің мұндай әрекетке алғаш рет бармағаны анықталған. Ол Қазақстанның бірнеше қаласында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, өзін тұрғын үйдің иесі ретінде таныстырған.
Алаяққа сенген азаматтар баспанаға қол жеткізу үшін депозит пен алдын ала төлем аударған. Алайда әйел уәдесін орындамай, алған қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сот оны бірнеше рет және екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда сотталған әйелдің кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары толық қанағаттандырылды.
Осы жағдайға байланысты прокуратура тұрғындарды пәтер жалдау кезінде мұқият болуға, құжаттарды тексермей және баспананың иесі екеніне көз жеткізбей тұрып ақша аудармауға шақырды.
USD