Астанада жаңа әуежай салынады: жобаға Сингапур компаниясы қатысады
Астанада жаңа әуежай салу және қазіргі әуе айлағын дамыту жобаларына Сингапурдың Changi Airports International (CAI) компаниясы қатысады. Бұл туралы елорда әкімдігі, Қазақстанның Көлік министрлігі және Changi Airport Group құрамына кіретін CAI арасында жасалған келісімде айтылған.
Тараптар әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша ұзақ мерзімді серіктестіктің негізгі бағыттарын айқындайтын Рамалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжаттағы басты бағыттардың бірі – Астанада жаңа әуежай салу жобасын жүзеге асыру. Жоспар бойынша нысан халықаралық авиациялық хаб ретінде дамып, елорданың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сингапурлық компания қазіргі Астана халықаралық әуежайын дамытуға да атсалысады. Атап айтқанда, CAI нысанды басқару, операциялық қызмет және әуежайдың алдағы даму бағыттары бойынша қазақстандық тараппен бірлесіп жұмыс істейді.
Қазір тараптар болашақ серіктестіктің құрылымын, жобаларды іске асыру шарттарын келісіп, қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, бұл келісім Changi Airport Group басшылығының 2026 жылғы тамызда Астанаға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы. Сол кезде компания жаңа әуежай құрылысы мен Астананы өңірлік авиациялық хабқа айналдыруға сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.
Кейін Қазақстан делегациясы Сингапурға барып, Changi Airports International өкілдерімен кездескен. Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары нақтыланған.
Келісімге Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Changi Airports International бас директоры Юджин Ган қол қойды.
Changi Airport Group – Сингапурдың мемлекеттік компаниясы. Ол елдегі әуежай инфрақұрылымын, соның ішінде әлемге әйгілі Changi халықаралық әуежайын басқарады әрі дамытады. Ал компанияның халықаралық жобаларын Changi Airports International жүзеге асырады. CAI бүгінде әлемнің 35 еліндегі 90-нан астам әуежаймен жұмыс тәжірибесіне ие.
USD