Найзағай, тұман және шаңды дауыл: 24 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды
24 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер бірқатар облыста жаңбыр, найзағай, тұман, қатты жел және шаңды дауыл болатынын ескертті. Сонымен қатар еліміздің бірнеше аймағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Астана мен солтүстік өңірлерде жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Ақмола облысының кей бөліктерінде өрт қаупі төтенше деңгейге жетеді. Солтүстік Қазақстанда түнде және күндіз кей аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Петропавлда да жаңбыр мен найзағай болып, түнде тұман түсуі ықтимал. Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауады.
Павлодар мен Қарағанды облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Қарағанды облысының жекелеген аудандарында жаңбыр мен найзағай болады. Өңірдің бірнеше бөлігінде жоғары, ал кей аумақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.
Орталық және шығыс Қазақстанда да қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Ұлытау облысында жел күшейіп, төтенше өрт қаупі сақталады. Абай облысының оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Шығыс Қазақстанның солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде тұман түседі.
Алматы облысы мен Алматыда таулы және тау бөктеріндегі аудандарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады. Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде де найзағайлы жаңбыр күтіледі. Қонаевта да өрт қаупі жоғары деңгейде.
Оңтүстік өңірлерде жаңбырмен қатар жел мен шаңды дауыл күтіледі. Жамбыл облысының таулы аймақтарында найзағай болады. Түркістан облысының тауларында 24 қыркүйек пен 25 қыркүйек күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігінде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Шымкентте төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Қызылорда облысының бірнеше ауданында күндіз шаң көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады. Атыраудың батысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ Маңғыстаудың кей аумақтарында да шаңды дауыл болжанған.
Ақтөбе облысында кей аудандарда жел күшейеді. Өңірдің бір бөлігінде жоғары, ал басқа аумақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысы, батысы мен оңтүстігінде күндіз жел күшейеді.
Синоптиктер қолайсыз ауа райы кезінде тұрғындарға сақтық шараларын сақтап, өрт қаупі жоғары аймақтарда қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға кеңес береді.
USD