Алматы облысында жүргізуші бірнеше көлікке соғылып, екі жасөспірімді қағып кетті
Алматы облысының Көксай ауылында жол-көлік оқиғасы болып, екі жасөспірім зардап шекті. Honda CR-V көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, кейін тротуарда жүрген екі баланы қағып кеткен.
Оқиға 2 қазан күні шамамен сағат 11:00-де болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан Honda CR-V көлігінің алдымен Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқаны көрінеді. Бұдан кейін көлік тротуарға шығып, сол жерде жүрген екі жасөспірімді қағып кеткен. Жүргізуші қозғалысын жалғастырып, тағы бір көлікке соғылған.
Жол апаты салдарынан екі жасөспірім де жарақат алған. Олардың түрлі дене жарақаттарын алғаны және оқиғадан кейін есеңгіреп қалғаны белгілі болды.
Алматы облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, қажетті бастапқы процессуалдық әрекеттер жүргізілген. Көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын анықтап, оқиғаға құқықтық баға беріп жатыр.
USD