Бұған дейін Конаевтағы оқиғаға полиция қызметкерлері қатысы болуы мүмкін екенін айтқан шетелдік азаматша өз сөзін жоққа шығарды. Ол Threads желісінде видео жариялап, бұрынғы мәлімдемесін түзеткен.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының оқиғаға қатысы бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Азаматша полиция қызметкерлерінің тергеу жүргізіп жатқанына алғысын білдіріп, алғашқы жариялаған видеосын таратпауды және мүмкіндігінше өшіруді сұрады.
Бұған дейін әйел әлеуметтік желіде оқиға туралы айтып, оған полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған еді.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Оқиға Конаев қаласында болған. Құқық қорғау органдары арызда көрсетілген екі ер адамды анықтап, ұстады. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр.
Полиция ұсталған азаматтардың құқық қорғау органдарына қатысы жоқ екенін нақтылады. Ведомство олардың полиция қызметкерлері екені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Істің өзге де мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланбайды.
USD