Қарағанды облысында құқық қорғау органдары ірі есірткі зертханасының қызметін тоқтатты. Алдын ала мәлімет бойынша, зертханада жалпы көлемі 2 тоннаға дейін мефедрон өндірілуі мүмкін болған. Заңсыз айналымға түспей тұрып анықталған синтетикалық есірткінің болжамды құны 40 млрд теңгеге бағаланып отыр.
ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, операцияны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы ҰҚК департаменті және прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген. Арнайы іс-шара барысында 48 және 28 жастағы екі ер адам ұсталды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер есірткі мен психотроптық заттарды дайындап, кейін өткізуге бағытталған трансұлттық қылмыстық топтың құрамында болған. 48 жастағы ер адам зертхананың жұмысын ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестірген деген болжам бар. Ал 28 жастағы күдікті өндіріс процесін ұйымдастырып, басқа адамдарды есірткі дайындауға үйреткен деп есептеледі.
Тінту кезінде көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна табылды. Оның ішінде шамамен 16 тонна қалдық өнім мен түрлі сұйықтық болған. Бұдан бөлек, әрқайсысының көлемі бір тонна болатын екі ыдыстан зат қалдықтары, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдығы бар 10 полимер қап тәркіленді.
Зертханадан алынған заттардың бір бөлігі сараптамаға жіберілді. Зерттеу нәтижесінде оның құрамында мефедрон бар екені анықталған. Сараптамаға алынған үлгінің массасы 1 келі 723 грамды құрады.
Мамандардың алдын ала есебінше, зертханада дайын өнімнің көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін болған. Бұл шамамен 2 миллион бір реттік дозаға тең. Заңсыз нарықтағы болжамды құны 40 млрд теңгеге дейін бағаланып отыр.
Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұловтың айтуынша, құқық қорғау органдары есірткінің аса ірі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, өндірістің жолын кескен.
Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар шикізаттың қайдан жеткізілгенін, күдіктілердің ықтимал байланыстарын және қылмыстық топтың басқа да мүшелерін анықтап жатыр.
USD