Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының екінші күні өтіп жатыр. Биылғы шара Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллект жылындағы негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
Форум барысында технология саласының өкілдері жасанды интеллектінің экономикаға ықпалы, инвестиция, инфрақұрылым, кадр даярлау және халықаралық әріптестік мәселелерін талқылауда.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан AI-экономиканың бес негізгі деңгейін кешенді түрде дамытуды жоспарлап отыр. Бұл бағытқа энергетикалық инфрақұрылым, чиптер, бұлтты технологиялар, ірі тілдік модельдер және жасанды интеллектке негізделген қолданбалы шешімдер кіреді.
Министр Қазақстанның AI саласындағы негізгі мүмкіндіктерінің бірі дайын технологияларды қолданумен қатар, оларды ел ішінде дамыту екенін атап өтті. Әсіресе экономикаға, бизнеске және азаматтардың күнделікті өміріне нақты пайда әкелетін қолданбалы жасанды интеллект шешімдеріне басымдық берілмек.
Форумда 01.AI компаниясының негізін қалаушы және Sinovation Ventures төрағасы Кай-Фу Ли де сөз сөйледі. Оның пікірінше, жасанды интеллект кеңінен таралған сайын адамдардың жаңа технологияны дұрыс басқара білуі және оның нәтижесіне жауапкершілікпен қарауы маңызды бола түседі.
Сарапшы AI-ды тек шығынды азайтатын құрал ретінде емес, жұмыс тәсілін өзгертетін технология ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, әртүрлі сала мамандары, соның ішінде заңгерлер мен кәсіпкерлер, өз жұмысына бейімделген AI-агенттерді пайдалана алады.
Қазақстандағы ірі компаниялар да жасанды интеллект шешімдерін енгізуге кіріскен. Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов компанияның Freedom суперқосымшасына AI-ассистент енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Жаңа жүйе пайдаланушыларға инвестиция, сақтандыру, электронды сауда, қонақүй және әуе билеттерін брондау секілді түрлі қызметтерді бір платформа арқылы алуға көмектесуі жоспарланып отыр. AI-ассистент клиенттің сұранысын түсініп, оған сәйкес шешімдерді ұсынуы тиіс.
Турловтың айтуынша, компания жасанды интеллектіні ішкі процестерде де қолданып келеді. Атап айтқанда, AI есептілікті дайындау, бизнес-процестерді басқару және қызмет тиімділігін арттыру бағыттарына енгізілуде.
Қазақстанның AI саласындағы стратегиясы инфрақұрылымнан бастап дайын цифрлық өнімдерге дейінгі бүкіл экожүйені қамтуға бағытталған. Бұл ретте халықаралық тәжірибені пайдалану мен отандық технологиялық құзыреттерді қатар дамыту көзделіп отыр.
USD