Сәрсемалиев ісіндегі хакерге алаяқтық бойынша 12 эпизодпен айып тағылды
Атырауда қайын жұртының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша әлеуметтік желіде ақпарат таратқан азаматқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, аталған азамат Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі уақытта оның ісі бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жіберілген.
Санжар Әділов бұған дейін тараған ақпаратқа қатысты да түсініктеме берді. Оның сөзінше, күдікті мемлекеттік немесе басқа да деректер базаларына өз бетінше кіріп, ақпарат ала алмаған. Әлеуметтік желіде жариялаған мәліметтерді оған ішкі істер органдарының қызметкерлері берген.
Министрдің орынбасары бұл ақпараттың сыртқа шығуына қатысы бар қызметкерлердің де жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Сонымен қатар азаматқа алаяқтық фактілері бойынша бірнеше эпизод бойынша айып тағылған. Тергеу нәтижесінде оның әрекеттеріне қатысты 12 эпизод тіркелген.
«Алаяқтық бойынша 12 эпизодпен айып тағылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауында», – деді Санжар Әділов.
Іс сот өндірісіне өткендіктен, ІІМ өкілі тергеу материалдары мен айыптардың өзге де мән-жайларын жариялай алмайтынын жеткізді.
USD